Жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасы

 Елімізде кәсіптік- техникалық білім беру саласындағы байырғы белді оқу орындарының бірі, Жаңаөзен қаласының алғашқы  кәсіптік оқу орындарының қара шаңырағы іспеттес  – Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінің құрылғанына 2017 жылы 50 жыл толғалы отыр. Колледж тарихы 1967 жылдан басталады.

 Біздің елімізде 1940 жылдың 2 қазанында кәсіптік-техникалық білім берудің жаңа жүйесін құрған КСРО Жоғары Кеңесінің төралқасының «Мемлекеттік еңбек ресурстары туралы» жарлығы жарияланған болатын.

 1965 жылдан бастап Маңғыстау өлкесінде мұнай және газды көп көлемде өндіру басталды. Оны және басқа да құрылыс жұмыстарын іске асыру үшін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Министрлер Кеңесінің 30 мамыр 1967 жылғы №97-р шешімі негізінде 1967 жылы Ералиев ауданында №162 қалалық кәсіптік-техникалық училище ашылды. Оның негізгі базалық мекемесі «Маңғыстаумұнайқұрылыс» тресі болды. Бұл трест Жаңаөзен қаласын, мұнайшы кеніштерін салу, мұнай және газ өндіретін кен орындарын игеру, айдаланы абаттандыру жұмыстарымен шұғылданды.

 Аталған училище алғаш білім беру жолын  4 мамандық бойынша «Станция және подстанция электромонтері», «Ағаш ұстасы», «Сыршы сылақшы», «Тас қалау конструкциясының монтажнигі», барлығы 93 оқушымен бастады.

 01.09.1968 жылы №162 қалалық кәсіптік-техникалық училище қала типтік Жаңаөзен поселкесіне ауыстырылды. 1973 жылы училище 4500 м2 жаңа 600 орындық ғимаратқа көшірілді.

 Елімізде өріс алған реформа талаптарына сәйкес аталмыш училище 1984 жылы Маңғышлақ облысының облыстық білім басқармасының 24.08.1984 жылғы №104/а бұйрығы негізінде №162 қалалық ОКТУ №3 орта кәсіптік-техникалық училище, 1996 жылы Маңғышлақ облысының облыстық білім басқармасының 30.08.1996 жылғы №104-ОД бұйрығы негізінде №3 ОКТУ №3 кәсіптік-техникалық мектеп, 2005 жылы Маңғыстау облысы әкімінің 26.12.2005 жылғы №414 Қаулысы негізінде №3 КТМ №3 кәсіптік мектеп, 2008 жылы Маңғыстау облысы әкімінің 22.05.2008 жылғы №373 Қаулысы негізінде №3 КМ Маңғыстау облысының білім басқармасының «Жаңаөзен кәсіптік лицейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілсе, 2012 жылдан бастап Маңғыстау облысы әкімдігінің 03.08.2012 жылғы №191 қаулысы негізінде Маңғыстау облысының білім басқармасының «Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып ауыстырылып өз жұмысын жалғастырып келеді.

 Әр жылдарда бұл оқу орнын білікті мамандар, кәсіптік білім беру ісінің үздіктері басқарды: 1967 жыл - Әжіғалиев Н.Ә., 1967-1968 жыл - Кудряшова Б.Ф., 1968-1971 жыл - Әбильгазиев К., 1971-1975 жыл - Нуралиев К., 1975-1982 жыл - Губашев Б.Қ., 1983-1988 жыл - Адилханов К., 1988-2000 жыл - Аманиязов Н.Қ., 2000-2005 жыл - Қалдаманов И.А.

 2005 жылдан Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжін Нұғыманов Тұрсынқұл Абатұлы басқарып келеді. Директордың өз ісіне жауапкершілігі, білімділігі, заманауи пікірінің, атқарушылық қабілетінің жоғарылығы, ұйымдастырушылығы нәтижесінде үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Атап айтқанда, оқу орнымыздың материалдық-техникалық база -  оқу дәрісханалары, өндірістік-оқу шеберханалары жаңа технологиялық құралдармен бүгінгі күн талабына жауап бере алатындай жабдықталған, білім алушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында жұмыс жасап отыр.

 Әрбір студент үшін колледждің ақпараттық ресурстарына (кітапхана, компьютерлік сынып, интернет кабинет т.б.) колжетімділік қамтамасыз етілген.

 Өзінің 50-жылдық мерейтойы қарсаңында колледждің жетістіктері мен оңды нәтижелері жеткілікті. Оқу орнында 12 мамандық бойынша  «Слесарлық іс», «Механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау құралдары және өндірістегі механика», «Токарлық іс және металл өңдеу», «Дәнекерлеу ісі», « Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Автомобиль кранының машинисі», «Газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесары», «Темір жол құрылысы, темір жол және темір жол шаруашылығы» мамандар дайындалады. Білім алушылардың саны жыл сайын артып келеді, бүгін олардың саны 858, 58-ге жуық оқытушы, өндірістік - оқыту шеберлері  және де басқа да қызметкерлер қызмет етуде. Колледж миссиясы кәсіби, техникалық, ақпараттық, құрылыс бағыттарында кәсіби мамандарды қалыптастырудағы жағдай жасауда.

 Білім беру үдерісі сапасын жетілдіру және педагогикалық шеберлікті арттыру үшін жоспарлы түрде пәндік-циклдік секциялар, әдістемелік және педагогикалық кеңестер жұмыс істейді.

  Педагогикалық ұжым кәсіби шеберлігін тұрақты жетілдіріп отырады, білім алушылардың жан-жақты қалыптасуына, тәрбиесіне аса зор көңіл бөлінеді. Мұнда білімгерлердің өзін-өзі басқару комитеті жұмыс жасайды, бұл комитет жастардың интеллектуалды, рухани-адамгершілік, жеке потенциалын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

 Колледжде шығармашыл және еңбекке қабілетті ұжым жұмыс істейді. Колледж педагогтары мен білім алушылары республика, облыс деңгейінде өтетін байқаулар, жобаларға қатысып жеңімпаз атанып, грант иелері болып жүр. Сонымен қатар оқу орны басшысы, орынбасарлары мен педагог мамандары шет елдерде, атап айтқанда Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Белоруссия, Түрк, Швейцария, Евроодақ елдерінде біліктілігін шыңдап, білімдерін жетілдіруде.

 Уақыт өтіп, педагогтар мен білім алушылардың құрамдары ауысып отырғанымен, колледж негізгі мақсатына жету жолынан таймаған, заман қиындықтарын басынан шеккен аталмыш білім ордасы жас мемлекетіміздің шағын буындарының бірі болып, өркендеу, даму жолында бірталай жетістіктерге қол жеткізіп, білікті мамандар даярлайтын дамушы жаңашыл оқу орны болып отыр.

 50 жылға жуық уақыт ішінде бұл оқу орнында 12000-нан астам кәсіби техникалық мамандар дайындалып, олар біздің қаламызда ғана емес, сонымен қатар республика бойынша да жемісті еңбек етуде.

 Колледждің білім беру жүйесіндегі басты міндеті – ұлттың және азаматтың құндылықтарын, ғылым мен практика жетістіктері негізінде және адамды қалыптастыруға, дамытуға, кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру.

 «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, - ол елдің еңсесі де биік болады», - деп Елбасымыз айтып өткендей, бүгінгі жігерлі де жалынды жастар елінің ертеңгі ардақты азаматтары болатынына сеніміміз мол.